Одан кейінгі мәселе мұндай балаларға берілетін әлеуметтік көмек дегенге келіп тіреледі. Мүмкіндігі шектеулі балалар отыратын арба бес жылда бір рет беріледі. Былтыр менің бір балам алды (өзі әлеуметтік көмек көрсетіп жүрген баланы айтады – ред.), бір жылға жетпей коляскасы шашылып қалды, сапасы сын көтермейді. Темірі былқылдап тұр. Тағы бір балама берілген балдақты көрсеңіз... айтарға сөз таппайсыз. Бала үйде еңбектеп жүреді, сыртқа балдақпен шығады, 16 жаста... Алюминий темірден жасалған балдақтың аз уақытта мүжіліп кететіні былай тұрсын, баланың екі қолтығын қажап, күлдіретіп тастайтыны бөлек әңгіме. Ата-аналар амалсыз балдаққа да, арбаға да мақта орап, губка салып әлекке түсіп жатады. 12 жастағы қыз бала екі қолына ие бола алмайды, селкілдеп отырады, соның қолын байлайтын жұмсақ ременьдер жоқ, шешесі жіптің сыртына орамал орап, оны жалғап әлек болып жатады. Памперстері жайлы айтудың өзі ыңғайсыз. Тендерді ұтып алатын компаниялар науқас баланың несібесінен пайда көздемей, балалардың осындай қиындықтарын ескерсе деп ойлайсың. Бірақ бұл талай жылдардан бері қайталанып келе жатқан мәселе. Одан бөлек тағы бір проблема, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойыншықтардың жоқтығы. Біз, мүмкіндігінше, олардың бәрін өз қолымыздан жасауға тырысамыз. Балалардың мерекелері кезінде біз өзіміз демеуші іздеп, бизнесмендерге, саудагерлерге шығамыз. Олар шама-шарқынша балаларға киім-кешек, ойыншық алып береді. Балалар мұндай мерекелерді асыға күтеді. Олардың қуаныштарын көрудің өзі бір ғанибет», – дейді әлеуметтік қызметкер Жазира.