KZ

АЛ СІЗ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ СҰРЫПТАП ЖҮРСІЗ БЕ?

Қазақстанда 2021 жылдан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарын полигонға тастауға рұқсат берілмейді.
ҚР Экологиялық кодексінің 301-бабына сәйкес 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның полигондарында пластмассаны, макулатураны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салынған. Ал 2021 жылдан бастап құрылыс және тамақ қалдықтарын полигонға тастауға рұқсат берілмейді. Демек, Қазақстанның әр тұрғыны тұрмыстық қалдықтарды қалай сұрыптайтынын білуі қажет.
ПЛАСТИК ТАНИ БІЛЕСІЗ БЕ?

Қалдықтардың ішінде табиғатқа ең қауіпті әрі адамдар жиі пайдаланатын зат – пластик. Әлемдегі барлық пластиктің бестен бір бөлігі ғана қайта өңделеді. Сондықтан да тұрмыстық заттарды пайдаланбас бұрын оның неден жасалғанын, құрамын, қайта өңделе ме, жоқ па анықтап алу қажет. Ол үшін пластмассаның маркісін білген жөн.
1 — PET(E) немесе полиэтилентерфталат.
Бұл пластмассадан су мен түрлі сусындардың, сүт өнімдерінің және өсімдік майының бөтелкесі жасалады. Ол қайта өңделеді. Бірақ, өсімдік майының бөтелкесінен екінші шикізат шығару мүмкін бола бермейді. Бұл пластмассадан жасалған ыдысты бір рет қана қолданған дұрыс. Еуропада және АҚШ-та пластмассаның бұл түрінен балалардың ойыншығын жасауға тыйым салынған.
2 — PEHD (HDPE).
Бұл пластмасса түрі майға, бензинге және түрлі температураға төзімді делінген. Одан балалар ойыншығы, тамақ салатын контейнер, гигиеналық заттар және полиэтилен пакеттер жасалады. Оларды қоқысты бөлек жинайтын пункттің барлығында қайта өңдеуге қабылдайды.
3 — PVC немесе поливинилхлорид.
!!! Бұл - құрылыста жиі қолданылатын жұмсақ әрі икемді пластик. Одан пластикалық терезелер, керме төбе, бау-бақша құбыршегі, линолеум, сантехникалық құбырлар, бассейндердің пленкалары жасалады. Бұл пластик түрі қайта өңделмейді.
4. LDPE немесе PEBD.
Одан барлық пакет түрі, азық-түлік пленкасы және тұрмыстық техникаға қатысты заттардың жартысы дайындалады. Ол ең қауіпсіз пластмасса және қайта өңделеді. Бірақ пластиктің бұл түрін қалдықтарды бөлетін пунктке апармас бұрын, оны қабылдайтынын не қабылдамайтынын анықтап, сұрап алу қажет.
5 — PP – полипропилен.
Ол ыстыққа төзімді. Балмұздақ, қаймақ және йогурттың ыдысы, шоколад қаптамасы, балалар емізігі, шприц, гигиеналық заттар, балалар ойыншығы, сусын ішетін түтікше осы пластмассадан жасалады. Ол қайтадан өңделеді. Бірақ оны қоқыс бөлетін барлық пунктте қабылдай бермеуі мүмкін.
6 — PS – полистирол.
Одан бір рет қолданылатын қасық, шанышқы және пышақтар, йогурт ыдысы, кесілген ет және көкөніс пен жеміс салатын ыдыстар, жұмыртқаға арналған қаптамалар, пенопласт, аудиокасеталар және балалар ойыншығы жасалады. Бұл пластмасса да өңделеді. Бірақ, қалдық қабылдайтын пункттің барлығында оған арналған арнайы бак болмауы мүмкін. Алдын ала анықтап алған жөн.
7 — O немесе OTHER.
!!! Бұл қауіпті пластмасса түрі. Одан балаларға арналған бөтелке, тіс пастасының қаптамасы, CD, DVD және тағы басқа заттар дайындалады. Бұл маркідегі заттарда жеке нөмір болмайтынын ескеріңіз. Олар қайта өңделмейді.
...ТАБИҒАТТЫҢ ОНЫ АЙТАР ТІЛІ ЖОҚ
Экобелсенді
Бану-Ақкүміс ҚҰСПАНОВА,

«Recycle БІРГЕ» қоғамдық қорының негізін қалаушы
Экобелсенді Бану-Ақкүміс Құспанованың айтуынша, бүгінде тұрмыс барысында пластиктен жасалған заттарды мейлінше пайдаланбауға тырысқан дұрыс.
«Азық-түлік базарына барғанда өзімнің экопакетімді апарамын. Ондағы сатушылар «пакет тегін беріледі ғой, неге алмайсың» деп таңғалады. Мен оларға полиэтилен пакет санын көбейткім келмейтінін айтып, зиянын түсіндіремін», - дейді ол.

Экобелсендінің пікірінше, күнделікті өмірде пайдаланылатын заттар арасында пластикті азайтқан жөн. Ол үшін экопакет қолданып, тіс пастасын, сусабынды үйде де жасауға болады. Айталық, кір жуу ұнтағының орнына сабын жаңғағын, ыдысжуғыштың орнына қыша ұнтағын пайдаланса, ыдыстағы май жақсы кетеді екен.

«Мен тіс пастасын қолдан жасаймын. Себебі, біріншіден, ол экологиялық өнім, екіншіден, оның қаптамасы өңдеуге келмейді. Қалдығы өңделмейтін заттардан аулақ жүру керек», - дейді экобелсенді.

Бану-Ақкүміс Құспанова – «Recycle БІРГЕ» қоғамдық қорының негізін қалаушы. Ол Алматыда, Ақтауда экосенбіліктер ұйымдастырып, отандастарымызды экологияға жанашыр болуға шақырып жүр. Оның айтуынша, уақыт өткен сайын табиғатқа жанашыр жандар көбейіп келеді.

2016 жылдан бастап Қазақстанның полигондарында құрамында сынап бар шамдар мен аспаптарды, металл сынықтарын, пайдаланылған майлар мен сұйықтықтарды, батареяларды, электрон қалдықтарын тастауға тыйым салынған.
Енді қазақстандықтар мұндай қалдықты арнайы контейнерге салып, қайта өңдеуге жібере алады. Мысалы, "ПромТехноРесурстың" ұйымдастыруымен Қазақстанның түрлі қаласында мектептер жанына техника мен электрониканы тастайтын контейнерлер қойылған. Олардың сайтында қалдықтарды алып кету қызметі бар. Бұл компания тұрмыстық және компьютерлік техника, телефон, аккумулятор, батарейка, электр лампасы, шина сияқты қалдықтарды қайта өңдеумен айналысады.

Ал басқа қалдықтарды бөліп, қайта өңдейтін бекеттердің қайда орналасқанын EcoСity және Tazalyk мобильдік қосымшаларынан табуға болады. Тіпті, ол арқылы қалдықтарды арнайы қабылдау бөлімшелеріне апарып, ақшаға айырбастау мүмкіндігі де бар. Олар Google Play мен AppStore-дан тегін жүктеледі.

2018 жылы Қазақстандағы тұрмыстық қатты қалдықтардың 11%-і ғана қайта өңделген. Мемлекет бұл көрсеткішті 2030 жылы 40%-ке, 2050 жылы 50%-ке дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Мейірім БАҚЫТЖАНОВА
Фотосуреттер Rosto-remont.com, patlah.ru, astana.gov.kz сайттарынан алынған

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda