KZ

#QYZBOLSYN:
Атың кiм, қалқам?

Ер баланы қалаған отбасы қыз балаға үлкен жауапкершілік жүктейді...
Көптеген отбасы ер баланы аңсайды: «ұрпақ қалдырсақ» дейді, «кейінгі баламыз ұл болсын» деген үмітпен қыз балаға «кодталған» есім беріп жатады. Ал, мұның соңы қыз баланың ғұмырына әсер етуі мүмкін бе?
Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында UNFPA (БҰҰ жанындағы әлем халықтары бойынша қор) және Назарбаев университеті жанындағы E.Quality Talks ұйымы бірлесе отырып, режиссер Катерина Суворованың «Қызболсын» деректі фильміне түсірілген трейлермен таныстыру шарасын ұйымдастырды. Бас-аяғы аяғы 3-4 минутқа созылған бейнероликте Ұлболсын, Ұлжан, Ұлпан секілді есімдерді «арқалаған» нәзік жандылардың пікірі жинақталған. Режиссердің айтуынша, «Қызболсын» жай ғана фильм емес, қоғамға ой салатын дүние болмақ. Бүгінде түсірілім тобы Қазақстанның кез келген өңірінен есімінде «кодтау» миссиясы бар бар қыз-келіншектерге іздеу жариялап отыр.
«Ер бала сүймеген ата-ана қыз баланың есімін кодтау арқылы оған қосымша миссия жүктейді. «Ұлболсын», «Ұлжан», «Жаңылдық», «Ұлжалғас»... Мұндай дәстүр көптеген елдерге тән. Сонда, шынымен келесі бала дүниеге ұл болып келе ме? Бірақ, оны ешкім зерттеп жатқан жоқ», - дейді режиссер.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметтеріне сүйенген Катерина Суворова, Қазақстанда түбірі «ұл» деп басталатын есіммен 75 мыңнан астам әйел заты өмір сүретінін айтады. Оның жартысынан астамы – 53%-ы ауылдарда тұрса, 46%-дан астамы қалалық жерлерді қоныстанған. Жылына, орта есеппен, 1500-2000 қыз балаға «ұл» тіркесі бар есім беріліп жатса керек.
«Біз бұл фильм арқылы есімінде «келесі бала ұл болсын» деген месседжі бар қыз балалардың кейінгі өмірі, тағдыры туралы білгіміз келді. Бұл арада, біз мақтау не даттау мақсатын көздемейміз. Бұл жақсы ма, әлде жаман ба деген категорияны да қарастырғымыз келмейді. Бастысы – бұл факті», - дейді жобаның режиссері.

Катерина Суворова өз отбасында қыздар ғана болғанын жасырмайды. Тіпті, сөз арасында ұлы болмаған әкесінің жағдайын да тілге тиек етті. «Әрине, ұл болғанын қалады, бірақ бізге білдірген жоқ. Алайда, қыз баланың жетістігіне де қуануға болады ғой? Бұл сұраққа жауап та табылмас», - дейді ол.
Photo by Lena Sorokina
Басқосуда сөз алған профессор, медиа зерттеушісі, инфлюенсер Молдияр Ергебековтің баяндамасы көпшілікті тебірентпей қоймады. Нұр-Сұлтанға іссапармен келген ол сол күні кешке Алматыға оралатынын, жары мен кішкентай қызына сыйлық ала баратынын жеткізді. «Менің кішкентай қызым бар. Егер жолдасыма сыйлық апарсам, кішкентай қызым бұлдана бастайды. Өйткені, ол да қыз бала ретінде менен сыйлық күтеді. Бұл әділдік үшін күрес. Үш жастағы баланың әділдік, теңдік туралы сөз қозғағаны қызықты. Жалпы, адам баласы құқықтық тұрғыда теңдік үшін күреседі», - дейді ол өз сөзінде.

Молдияр Ергебеков гендерлік теңдік туралы сөз қозғағанда ер адамдар тарапынан қарсылық туындап жататынын да жасырмайды. «Көбіне ер адамдар түсінбей жатады, маған «ақымақ» деп қарайды. Ізінше, қызу пікірталас бастайды, ал ер адамдар пікірталасты қалай жақсы көреді?!. Бізде ұл болып туса, қашанда бір қадам алда деген түсінік бар. Егер, әйел басшылыққа келсе, матриархат орнайды деген де түсінік қалыптасқан. Алайда, билік жүйесінде билікке расымен әйел келсе, ол кезде де патриархат орнайды. Өйткені, билік тудыратын қатынастарда патриархат деген түсінік бар», - деп жалғастырды профессор.

Ол әйел затының шахтер немесе басқа да қара жұмысты атқара алмайтыны туралы пікірлер де бар екенін ескертеді. «Гендерлік теңдік дегенде физикалық күшті айтпаймыз. Бұл ретте этикалық, саяси теңдік туралы сөз қозғалады. Дегенмен, екі жүз метрлік марафонда, егер үнемі жаттығып жүрсе, әйел адамның да озып шығуы мүмкін ғой», - дейді профессор Ергебеков.

Профессор, сондай-ақ, Б. Майлиннің «Күлпашын», Ж. Аймауытовтың «Ақбілегін» мысал етіп, алашордашылар арасынан шыққан Н. Құлжанованың сонау 1924 жылы шыққан еңбегінде «балаға тұлға, индивид ретінде қарау керек» деген ұстанымын да алға тартады. «Жаңа туған нәрестеге «Ұлболсын» деп ат қою оған ауыр жүк артқанмен бірдей. Қыз бала өмір бойы осы жүкпен өтуі керегін түсінуіміз керек. Қыз бала өмір бойы осы жүкті арқалап өтеді, ауырлықты сезінеді», - дейді Молдияр Ергебеков. Ол тіпті «Қызболсын» фильмін ерлер атынан кешірім ретінде ер адамның түсіргенін де қалайтынын ашық айтты.
Ал, UNFPA қорының Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша аймақтық директорының айырықша кеңесшісі Педро Пабло Виллануэва, өзін құқықтық, өркениетті деп есептейтін қоғамда әрдайым теңдік болуы керек деген сенімде. Оның айтуынша, бүгінде көптеген қыз балалар мектепті аяқтап, оқуға түсіп, білікті мамандар қатарына қосылып, үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Бәсекеге қабілетті. «Дегенмен, қандай да бір стереотип бар екені рас», - дейді ол.

«Репродуктивті денсаулық пен репродуктивті құқыққа қол жеткізу гендерлік теңдіктегі ірі жетістіктердің бірі. Әйел адам отбасын жоспарлағанда, ол өзінің өмірін де жоспарлайды. Әйелдердің репродуктивті құқықтарын қорғау, қашан және қанша бала сүйетінін анықтау – ол әйел затының қоғамды дамытуға бағытталған негізгі және толыққанды құқықтарының бірі», - дейді Педро Пабло Виллануэва.

Асқар АҚТІЛЕУ, Нұр-Сұлтан

Бағалау
Өзге мақалалар
© Сайттағы материалдарды 18+Идеяға гиперсілтеме болған жағдайда ғана қолдануға болады.

Байланыс үшін:
y.korabayeva@18plusidea.kz
+7 707 1234 189
Командасы
  • Жобаның жетекшісі:
  • Екатерина Корабаева
  • Редактор:
  • Олег Хe
  • Қазақ контентінің редакторы:
  • Асия Акишева
  • Видеограф:
  • Бауыржан Сәду
  • SMM-маман:
  • Екатерина Чалова
Made on
Tilda